12-кезең. Эль-Сальвадор - Ла-Серена

«Дакар» раллиі - әлемдегі ең қауіпті жарыстардың бірі. Кезең аяқталғаннан кейін жарысқа қатысушылардың қалпына қайта келуі үшін барлық жағдай жасалған. Асхана мен тынығатын орындарын күніне 11 ұшақ көшіреді.

Кешқұрым команданың штурмандары мен менеджерлері брифингке жиналады. Жарыстың спорт директоры келесі кезеңнің маршрутын үш тілде түсіндіреді. Жиын аяқталған соң жергілікті дүкендерде сауда жасауға болады. Дегенмен ресми кәдесыйлардың бағасы жоғары.

«Дакар» жарысының лагерінде механиктер мен журналистерге негізгі жұмыс түнде басталады. Механиктер көлікті жөндеп, жарысқа дайындайды. Ал журналистер күннің жаңалығын әзірлейді.

«Дакар» раллиінің қатысушылары жыл бойы екі аптаға созылатын аптап ыстық пен ұзақ жолға дайындалады. Көліктерін сайлайды. Дегенмен жарыстың ақтық мәресіне жететіндер аз.

Қазақстандық үш экипаж өз орындарын сақтап келеді. Жалпы есепте Рахымбаев пен Демьяненко 14-ші, Березовский мен Фальков 43-ші, Ардавичус, Никижев, Капланек 20-шы орында.

Жарысқа қатысушылардың темір тұлпарлары сыр бергенімен, шабандоздардың шыдамы таусылмайды. Ұлыбритания командасы бұл додаға үш жыл қатарынан қатысып келеді. Команданың жарты құрамы мүмкіндігі шектеулі жандар. Қазіргі күні екі жол талғамайтын көлік жарыс жолынан шығып қалды. Тек жүк көлігі жүрісін тоқтатқан жоқ.

«Біздің команда тек британдықтардан тұрады. Барлығы бұрын Ауғанстанда қызмет еткен әскерилер. Бұл жерде біз жарақат алғаннан кейін де өмір бар екенін дәлелдеу үшін келдік. Жарыстың тәртібі бізге дені сау адамдармен жарысуға мүмкіндік береді. Спорттан бөлек, қайырымдылықпен айналысамыз. Қаза тапқан жолдастарымыздың отбасыларына көмектесеміз», - дейді «Race 2 Recovery» командасының пилоты Тони Харрис.

«2011 жылы әскери аймақта мина жарылып, жарақат алдым. Егер спорт болмағанда, өмірім қалай өтетінін де білмеймін. Жарыс жолына шығу - мен үшін бақыт», - дейді «Race 2 Recovery» командасының пилоты Филип Гелесби.

Андорра құрамасының 17 жастағы шаңғышысы Альберт Йоверраның тағдыры да осыған ұқсас. Ол Олимпиадада жарыс жолында төрешімен соқтығысқан. Соның салдарынан омыртқасы алты жерден сынып, спортпен қош айтысты. Дегенмен ол өмір сүруге деген құштарлығының арқасында спортты қайта жалғастыруға мүмкіндік алды. «BuggyMDRallye» командасының пилоты «Дакар-2014» раллиінде мәреге жетуді мақсат етіп отыр.

Әлемдегі ең қауіпті жарыста мәреге жеткен спортшылардың барлығы жеңіс тұғырына көтеріледі.