Дакар-2015. «Astana Motorsports» командасы 12-ші кезеңді артта қалдырды

Әлемдегі ең танымал «Дакар» жарысы аяқталуға жақын. Енді тек соңғы кезең мен марапаттау рәсімі ғана қалды. Қазақстандық үш экипаж мың шақырымға жуық 12-ші кезеңде де жақсы нәтиже көрсетті.

Айдын Рақымбаев пен штурман Антон Николаев экипажы алғашқы үздік он спортшының қатарынан таймай, жалпы турнир кестесінде 9-шы орынды сақтап тұр.

«Бүгін қауіпті арнайы аймақ болды. Бұрмалы жолдар, лай су мен жолдағы көрінбейтін бұрылыстар. Соның салдарынан жолдан бірнеше рет ұшып кеттік. Сондықтан көлікті біраз соқтық. Ертең соңғы күн, сондықтан бүгін бәрі жарыс жолында тез әрі қарқынды жүрді», дейді Айдын Рақымбаев.

«Astana Motorsports» командасының екінші жеңіл көлікті экипажы жарыстың 12-ші күнін 33-ші орында аяқтады. Осылайша, Бауыржан Исабаев пен штурман Владимир Демьяненко бастаған экипаж 17-ші орынға тұрақтады.

«Жарыстың алғашқы 150 шақырымын Iveco Стейси жүк көлігінің артында жүріп отырдық. Ол бізге алға шығуға мүмкіндік бермеді. Алайда кейін оны басып оздық. Кезеңді асықпай, сабырлы жүріп өттік. Ең бастысы – жарысты сәтті аяқтау», - деп бөлісті ойымен Бауыржан Исабаев.

Айта кетейік, 12-ші кезеңде Бауыржан Исабаев экипажы өзінің ресейлік әріптестеріне көмектесті. «Astana Motorsports» командасының мүшелері Toyota көлігіндегі Евгений Фирсов пен Вадим Филатовты жырадан алып шыққан.

Артур Ардавичус басқарған Tatra жүк көлігі 12-ші кезеңде жарылған дөңгелегін қалыпқа келтіру үшін біраз уақыт жоғалтып алды. Соның салдарынан қазақстандық экипаж мәреге 32-ші келді.